Екібастұз қаласы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі
«Абай оқулары» облыстық байқауы

«Абай оқулары» облыстық байқауы

11-08-2017 04:38

 

2017 жылғы 9 тамызда Павлодар қаласында «Колос» мәдени-сауық орталығында облыс тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы және «Тілдерді дамыту мен қолданудың 2017-2019 жылдарға арналған облыстық іс-шаралар жоспары» шеңберінде «Абай оқулары» байқауы өткізілді. Шараның мақсаты - мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, ұлы ақын Абай Құнанбаевтың шығармаларын насихаттау арқылы қазақ мәдениетіне, тілі мен әдебиетіне деген жастардың құштарлығын арттыру.

Абай шығармаларын оқу арқылы көркемсөз шеберлігін, тіл мәдениетін шыңдау бағытында өткен байқауға 17 мен 29 жас аралығындағы қала, аудандардың жеңімпаздары қатысты.  Байқау шартына сәйкес үміткерлер Абайдың білім, ғылым және өнер тақырыптарына өрілген поэзиялық шығармасы мен қара сөзін мәнерлеп оқудан, «Абай жолы» романынан үзіндіні көркем шеберлікпен жатқа және Абайдың әндерін орындаудан тартысқа түсті.

Қазылар алқасы қатысушылардың көркем мәтінді таңдау және оқу шеберлігіне, қазақ тілінің орфоэпиялық нормаларын сақтап, таза сөйлеуіне, ән орындау шеберлігіне, көрермендер алдында өзін-өзін ұстау мәдениетіне баса назар аударды.

Нәтижесінде I орынды Екібастұз қаласының үміткеріДмитрий Угрюмов, II орынды Май ауданының қатысушысы Ксения Ронде және III орынды Баянауыл ауданының үміткері Румиса Мержоева иеленді.

Барлық қатысушыларға дипломдар, алғыс хаттар жәнебағалы сыйлықтар табыс етілді. 

Автор: Отдел культуры